«Туристік Қамқор» қоры қазақстандықтарға демалыс алдында TourCode болуын тексеруді еске салды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қор мамандары ұшу алдында турдың Қазақстан Республикасының туристерді кепілдендіру жүйесінде тіркелгеніне және TourCode берілгеніне көз жеткізу қажеттігін айтады.

«TourCode сіздің турыңыздың кепілдендіру жүйесінің қорғауында екенін растайды. Күтпеген жағдайлар туындаған кезде жүйе қолданыстағы заңнамаға сәйкес туристердің Отанға қайтарылуын қамтамасыз етеді», — делінген қор хабарламасында.

TourCode болуын үш жолмен тексеруге болады:

  • 01ҚР Туризм және спорт министрлігінің ресми сайты арқылы;
  • 02«Туристік Қамқор» қорының сайтындағы арнайы бөлім арқылы;
  • 03туроператорға тікелей хабарласып, кодты сұрау арқылы.

Бұған дейін Туризм және спорт министрлігі қазақстандықтарға турагенттіктен тур сатып алар алдында заңдылықты растайтын құжаттар пакетін сұрап, тексеруді ұсынған болатын.

Ең алдымен, турагенттік қызметтің басталғаны туралы хабарламаның болуына көз жеткізу керек. Турагенттік мемлекеттік электрондық тізілімге енгізілген болуы тиіс, бұл оның ресми мәртебесін растайды.

Маңызды кезең — туристік қызмет көрсету шартына қол қою. Құжатта сапардың елі мен күндері, толық құны, төлем және аннуляция шарттары, тараптардың жауапкершілігі, сондай-ақ ақша қайтару тәртібі нақты көрсетілуі керек.

Қаржылық құжаттарға ерекше назар аудару қажет. Төлемнен кейін міндетті түрде фискалдық чек талап етіңіз. Менеджерлердің жеке шоттарына ақша аударуға болмайды, өйткені тек ресми төлем құжаты ғана мәміленің дәлелі болып табылады.

Бронь расталып, турдың толық құны төленгеннен кейін агент сапарға қажетті құжаттар пакетін беруге міндетті.

Оған қонақүй, тамақтану және трансфер көрсетілген ваучер, авиабилеттер немесе маршрут-түбіртектер, сақтандыру полисі және туркод кіреді. Туркод — туристердің құқықтарын міндетті кепілдендіру жүйесі аясындағы қорғау кепілі.