Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Корея Республикасы» бірінші бизнес-саммитіне қатысушыларға ілтипат білдіріп, Қазақстан Корея Республикасының Орталық Азия елдерімен экономикалық байланысты жан-жақты дамыту ниетін жоғары бағалайтынын атап өтті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Геосаяси шиеленіс және сенім факторы

Мемлекет басшысы әлемдегі геосаяси шиеленістің жаһандық сауда мен экономикалық тұрақтылыққа бұрын-соңды болмаған қатер төндіріп тұрғанын атап өтті.

«Әлемдегі геосаяси шиеленіс жаһандық сауда мен экономикалық тұрақтылыққа бұрын-соңды болмаған қатер төндіріп тұр. Бұл жағдайда мемлекеттер арасындағы өзара түсіністік пен сенім табысты әрі ұзақмерзімді бизнес-серіктестіктің маңызды факторларының біріне айналады. Біз Корея Республикасымен ықпалдастықты ілгерілетуге бейілміз», – деді мемлекет басшысы.

19 миллиард долларлық келісімдер

Сапар аясында екі ел арасында сомасы 19 миллиард долларға жуықтайтын 80-дей коммерциялық келісімге қол қойылды.

«Сапар аясында екі ел арасында сомасы 19 миллиард долларға жуықтайтын 80-дей коммерциялық келісімге қол қойылды. Бұл – құрғақ мәлімдеме немесе қазіргі тілмен айтқанда, қағаз жүзінде қалатын мәміле емес, іске асатын нақты жоспарлар. Қалай болғанда да Үкімет бизнес-жобалардың уақтылы орындалуын жіті қадағалайды», – деді Тоқаев.

Орталық Азия экономикасындағы Қазақстанның үлесі

Президенттің айтуынша, Орталық Азияның жиынтық ішкі жалпы өнімінің шамамен 60 пайызы және аймаққа шетелден тікелей тартылатын инвестицияның 70 пайызға жуығы Қазақстанға тиесілі.

«Орталық Азияның экономикалық дамуы мен өркендеуіне еліміздің қосқан елеулі үлесін осы көрсеткіштен аңғаруға болады», – деді мемлекет басшысы.

Өнеркәсіп және бірлескен жобалар

Мемлекет басшысы бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін әлеуеті зор бағыттарға тоқталып, өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды негізгі басымдық ретінде атады.

«Қазіргі уақытта Қазақстан мен Корея құны 4 миллиард доллардан асатын 51 жобаны жүзеге асырып жатыр. Былтыр елімізде 170 мыңнан астам автокөлік шығарылып, өндіріс көлемі шамамен 18 пайызға өсті. Оған Hyundai мен Kia зауыттары үлкен үлес қосты. Мұның бәрі – локализацияны арттыруға, қосылған құны жоғары технологиялық өнімдер шығаруға бағытталған жұмыстың берік негізі», – деді президент.