Келесі айда мемлекет басшысы жыл сайынғы жолдауын жариялайды. Сол кезде үкіметке жаңа міндеттер жүктеледі. Былтыр да Тоқаев министрлер кабинетіне біраз тапсырма берген. Осы уақытқа дейін ауқымды шаралар атқарылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Цифрлық ел боламын десек...
Былтыр президент өз жолдауын өте маңызды стратегиялық мақсаттан бастаған болатын. Оған сәйкес, Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек. Тоқаев ол үшін, ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдауға тапсырма берген.
Цифрлық кодекс қабылданды. Бұл құжат жасанды интеллект пен басқа да цифрлық технологияларды дамытудың құқықтық негізін қалап отыр. Атап айтқанда, азаматтардың цифрлық құқықтары бекітілді. Әрбір адам жеке деректерін басқаруға құқылы. Ал мемлекет пен бизнес жеке мәліметтерді жинап сақтаудың нақты ережесіне бағынуға міндетті. Бұдан бөлек, жасанды интеллектіні қауіпсіз енгізу қағидаттары жазылған.
Банктер туралы заң не үшін керек?
Тоқаев банктердің ақшасын экономикаға барынша тартудың тиімді тәсілдерін табуды тапсырған. Ал банктер туралы заң осы бағыттағы маңызды қадам болуы қажет. Жылдың басында банктер туралы заң қабылданған болатын.
Негізгі өзгерістер:
- 01банктерге лицензия беру тәртібі өзгерді;
- 02цифрлық қаржы активтерінің айналымына рұқсат берілді;
- 03криптовалюта айырбастау пунктерін ашуға болады;
- 04цифрлық теңге ұлттық валютаның жаңа формасы ретінде бекітілді;
- 05банктер исламдық қаржы өнімдерін ұсына алады;
- 06кредитке қатысты дауларды реттеудің үш сатылы жүйесі енгізілді;
- 07банк жүйесінің тұрақтылығы үшін банктердің өздері жауапты болады.
Цифрлық теңгені қайда енгізді
Қазіргі кезде цифрлық теңгені ұлттық қор есебінен жобаларды қаржыландыру кезінде пайдаланады. Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алулар мен бюджеттік жоспарлау саласына біртіндеп енгізіп жатыр. Осылайша, жұмсалатын қаржының бақылауға мүмкіндік бар.
Былтырғы жолдау кезінде президент цифрлық теңгені республикалық және жергілікті бюджетте, сондай-ақ, мемлекеттік холдингтердің бюджетінде пайдалануға болатынын айтқан. Қазақстанда цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін тезірек қалыптастырған жөн.
Ерекше қаланың мәртебесі
2025 жылғы жолдауда Alatau City-дің арнаулы мәртебесін де заңды түрде бекітуге тапсырма берілген болатын. Конституциялық заң биыл наурыз айында қабылданды. Парламент Алатаудың ерекше мәртебесін мақұлдады.
Заңға сәйкес, "Alatau City Authority" деген жаңа мемлекеттік орган құрылады. Оның негізгі бағытын премьер‑министр басқаратын кеңес айқындайды. Ал әкімшілік жұмысты Бас атқарушы директор жүзеге асырады. Кеңес қаладағы негізгі стратегиялық шешімдерді қабылдайды және әкімшілік актілерді бекітеді.
Алатауда барлық негізгі қызметтер цифрлық форматта жұмыс істейді. Сонымен қатар, криптобиржа, токенизация сияқты цифрлық активтерді реттеу мүмкіндігі қарастырылады.
