Бавария премьер-министрі Маркус Зёдер Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа мюнхендік «Бавария» ойыншыларының қолы қойылған жейдені сыйға тартты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл туралы Ақорда хабарлады. Қазақстан президенті Бавария премьер-министрі Маркус Зёдермен кездесу өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Баварияға шақырып, қонақжайлықпен қарсы алғаны үшін Маркус Зёдерге алғыс айтты.

«Баварияның өзіне тән ерекшелігін, экономикалық қуатын, инновациялық әлеуетін жоғары бағалаймын. Бұл – өнеркәсіп пен ғылымдағы өзінің озық жетістіктерін дәстүрге деген айрықша құрметімен ұштастырған өңір. Осы арқылы Бавария Германия экономикасын алға сүйреп, экономикамызды жаңғырту мен әртараптандыруда Қазақстанның сенімді серіктесі болып отыр», – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Баварияның технологиялық табыстары мен Қазақстанның ресурстық және өнеркәсіптік әлеуетін біріктіруге айтарлықтай мүмкіндік бар.

Премьер-министр Маркус Зёдер жаңа өсім бағыттарын іздеуге айрықша мән беретін Бавария Қазақстанмен сан қырлы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.