Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйлеп, журналистерді мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Сіздер әрдайым халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, жұрт мүддесіне адал қызмет етіп келесіздер. Қазіргі жаһандық технология дамыған заманда азаматтарға жедел, сапалы әрі шынайы ақпарат тарату, ұтымды сараптама ұсыну да журналистер қауымына жүктелген абыройлы міндет саналады. Мемлекет сіздердің ерен еңбектеріңізді жоғары бағалайды», – деді мемлекет басшысы.
Президент жаңа Конституцияны қабылдауға журналистердің қосқан үлесін жоғары бағалап, журналистер қауымы Конституциялық комиссияның қызметі туралы сапалы және мазмұнды хабарлар таратқанын және Ата заңға енгізу үшін ұсынылған түзетулерге қатысты жан-жақты талдау жұмысын жүргізгенін айтты.
Мемлекет басшысы газеттер мен телеарналар жаңа форматқа көшіп, инновациялық мультимедиялық платформа құрып, заман талабына сай дамып келе жатқанына сенім білдірді.
«Мерзімді баспасөз бен телевизия бұрынғы үстемдігінен айырылды. Алайда мен "Дәстүрлі медианың дәурені өтті" деген пікірмен келіспеймін. Керісінше, газеттер мен телеарналар жаңа форматқа көшіп, инновациялық мультимедиялық платформа құрып, заман талабына сай дамып келеді. Олардың басты артықшылығы – мәселені терең талдап, шолу мен сараптама ұсына алуында», – деді президент.
