Үкімет пен әкімдер қала және ел ішіндегі, яғни ірі немесе шағын қалалардан тысқары жолдардың сапасына баса назар аударуы керек. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы іс-шарада сөйлеген сөзінде айтты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Бұл – біздің ең осал тұсымыз, оны мойындаған жөн. Мұны ешкім шеше алмады немесе шешуге құлық танытпады. Заң аясында қатаң шаралар қолданамыз», - деді Тоқаев.

Сондай-ақ президент елдегі құрылыстың сапасын қатаң бақылауда ұстайтынын айтты. Оның пікірінше, Қазақстан үлкен құрылыс алаңы болуы керек.

«Құрылыстың сапасы өте жоғары болуы қажет. Мен өз басым осы мәселеге баса назар аударып, бұл жұмысты қатаң бақылауда ұстаймын. Аталған нұсқау мен тиісті ережені бұзатын адамдар заңымыз бойынша міндетті түрде жазаға тартылады», - дейді мемлекет басшысы.