Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жапония премьер-министрі Санаэ Такаичиді парламенттік сайлаудағы Либералды-демократиялық партияның жеңісімен құттықтап, арнайы жеделхат жолдады, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы өз құттықтауында бұл жетістік Жапония халқының Санаэ Такаичидің салиқалы саясатына және оның партиясы ұсынған жоспарларға деген зор сенімін білдіретінін атап өтті.
«– Халқыңыздың жарқын болашағы үшін сіңіріп жатқан қажырлы еңбегіңіз, қолға алған тың бастамаларыңыз еліңізді бүгіннен де биік табыстарға жетелей беретініне кәміл сенемін, – делінген Ақорда таратқан жеделхат мәтінінде.»
—
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Жапонияға жасаған ресми сапарын ерекше ілтипатпен еске алып, сол кездегі келісімдер екіжақты ынтымақтастықты жаңа сапалы деңгейге шығарғанын жеткізді.
Президент қазақ-жапон қарым-қатынасының жоғары қарқынын сақтап, оны одан әрі дамыту үшін премьер-министр Санаэ Такаичимен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін растады.
Фото: Әлеуметтік желіден
