Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен телефон арқылы сөйлесіп, екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен өңірлік күн тәртібін талқылады, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
Ақорданың хабарлауынша, тараптар сауда-экономика, көлік-логистика және су-энергетика салаларындағы ықпалдастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өткен. Президенттер тұрақты саяси диалог пен екі ел үкіметтерінің белсенді жұмысы қарым-қатынастың оң дамуына ықпал етіп отырғанын айтты.
Сұхбат барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар туралы айтты. Оның сөзінше, бұл жаңашылдықтар мемлекеттің өркендеуіне негіз қалайды. Садыр Жапаров өз кезегінде Қазақстандағы ауқымды өзгерістерді толық қолдайтынын білдірді.
Сонымен қатар екі ел басшылары достық, стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға келісті. Тоқаев алдағы уақытта Бішкекте өтетін ШЫҰ саммиті мен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының сәтті өтуіне тілектестік білдірді.
Сөз соңында Қазақстан президенті Садыр Жапаровтың ел бірлігін сақтауға және қырғыз мемлекеттілігін нығайтуға бағытталған шешімдерін қолдайтынын жеткізді.
Фото: Әлеуметтік желіден
