Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындаудың жаңа тәртібіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Келесі жылдан бастап ондаған жәрдемақылар әрбір отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарай тағайындалады. Қазіргі кезде қоғамда жаңа жүйе қызу талқыланып жатыр.

«Сондықтан бұл күрделі мәселені "өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай", байыппен, салмақты көзқараспен шешу қажет. Артық қыламын деп, тыртық қылуға мүлдем болмайды. Кез келген реформа терең сарапталып, мұқият зерттеліп, азаматтардың жағдайын мейлінше ескере отырып жүргізілуге тиіс», — деді Тоқаев бүгінгі Жолдауында.

Президенттің айтуынша, әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдерін, соған қатысты ақпараттық жүйелердің қызметін алдын ала мұқият тексерістен өткізу қажет.

«Ең дұрысы, ондай жобаларды әуелі пилоттық режимде іске қосып, тиімділігі расталған соң ғана кең ауқымда қолдану керек», — деді мемлекет басшысы.

Осы орайда Тоқаев әлеуметтік мемлекеттің мағынасын да түсіндірді. Бұл азаматтарды әлеуметтік төлемдерге тәуелді ету емес, бұл, ең алдымен, халықтың тұрмыс сапасын, әл-ауқатын арттыру деген сөз.