Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның вице-президенті Ерлан Қаринге алғашқы тапсырмасын берді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Халық кеңесінің алғашқы сессиясын ашқан мемлекет басшысы алда атқарылатын нақты жұмыстар бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, жоспарларды жүзеге асыру үшін табанды жұмыс қажет.

Президент Конституцияны халық арасында кеңінен түсіндіру маңызды екенін айтты. Бұл жұмысқа заңгерлер, ғалымдар, мұғалімдер, еріктілер, кәсіпкерлер, ардагерлер мен мемлекет қайраткерлерін тарту қажет.

«Президент әкімшілігінің міндеті – осы жұмыстың кешенді әрі жүйелі тәсілін қалыптастыру. Аталған міндетті жүзеге асыруды вице-президент Ерлан Тынымбайұлы Қаринге тапсырамын. Жұмыстың барысы туралы екі аптада бір рет президентке тікелей баяндайды», – деді Тоқаев.

Айта кетері, бұған дейін Ерлан Қошанов Халық кеңесінің төрағасы болып тағайындалған еді. Кеңес өз жұмысын бастады.