Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы вице-президентінің өкілеттіктері туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жарлыққа сәйкес, вице-президент мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты саласындағы стратегиялық сипаттағы бастамаларды әзірлеуді қамтамасыз етеді және оларды президентке ұсынады. Сондай-ақ ол Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен, саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде президент атынан өкілдік етеді.
Вице-президент президент тапсырмасы бойынша халықаралық іс-шараларға қатысады, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің хатшылығын басқарады, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының қызметіне жетекшілік етеді.
Жарлықпен белгіленген өкілеттіктерді іске асыру мақсатында вице-президент өкім шығаруға, өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарға тапсырма беруге, Құрылтай, Үкімет, Халық Кеңесі, президент жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың отырыстарына қатысуға құқылы.
Еске салайық, Қазақстанның вице-президенті болып Ерлан Қарин тағайындалған еді.
