Президент Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президенттің кандидатурасын қашан жариялайтынын айтты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ата заңға сәйкес, үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өз өкілеттігін тоқтатады. «Сондықтан Құрылтайдың құрылымы жасақталған соң мен өздеріңізге вице-президенттің және премьер-министрдің кандидатуралары бойынша ұсыныс енгіземін», – деді Тоқаев Құрылтайдың бірінші сессиясында.

Содан кейін президент депутаттармен ақылдасып, үкімет мүшелерін тағайындайды. «Сонымен қатар жаңа лауазымды – Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасарын тағайындаймын. Құрылтай мен үкімет құрамы толық айқындалған соң жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауымды жариялаймын», – деп атап өтті Тоқаев.

Қыркүйектің екінші жартысында Халық кеңесі жасақталады. Бұл – Қазақстан тарихындағы тұңғыш жоғары консультативтік орган. Еліміздің этникалық, аймақтық, әлеуметтік, қоғамдық-саяси ерекшеліктерін бір арнаға тоғыстыратын жаңа құрылым заңнамалық бастама көтеру құқығына ие болады. «Шын мәнінде, бұл – бірегей орган», – деді Тоқаев.

Оның айтуынша, қысқа уақыттың ішінде биліктің барлық негізгі институты жаңғырып, алдағы реформаларға тың серпін береді.