Қасым-Жомарт Тоқаев VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты жиында мемлекет басшысы спортшылар мен бапкерлерді Көшпенділер ойындарындағы жарқын жеңістерімен құттықтап, олар Қазақстанның ұлттық спорттағы абырой-беделін дүние жүзіне паш еткенін атап өтті.
«Әлемнің 100-ден астам елінен келген спортшылармен бәсекеге түсіп, көк байрағымызды биікке көтеру – нағыз ұлт перзенттеріне тән асыл қасиет. Ұлттық командамыз ел үмітін толығымен ақтады деп айтсақ, әділеттікке сай сөз болады. Мен президент ретінде баршаңызға Отанымызға әкелген рухты жеңістеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздерге тұтас халқымыз жанкүйер, тілекші болды», – деді Тоқаев.
