Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің ішкі істер министрлері кеңесі қарсаңында түркі елдері құқық қорғау ведомстволарының басшыларымен кездесті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жиынға Әзербайжан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Түркия Республикасы, Өзбекстан Республикасы және Қазақстан Республикасының ішкі істер министрлері қатысты.

Президент түркі елдерінің ынтымақтастығы жылдан жылға күшейіп келе жатқанын айтты. Ол осы тұрғыдан алғанда, Ішкі істер министрлерінің кездесуі айрықша маңызды екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазір әлемде ауқымды өзгерістер болып жатқанына, дүние жүзінде сын-қатерлер көбейгеніне назар аударды.

«Жаһандық ахуал тұрақсыз, құбылмалы сипатқа ие болды. Соған қарамастан, күллі әлем елдері үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылуда. Заман талабына сай өркениетті елдер қатарында боламыз десек, шапшаң әрі ширақ қимылдау қажет», — деді президент.

Кездесу соңында Президент туыстас мемлекеттердің басшыларына ыстық ықыласын жолдап, түбі бір түркі елдері әрдайым достық қарым-қатынаста болуға тиіс екенін атап өтті.

Сондай-ақ іс-шарада Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев сөз сөйледі.