Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіровті 80 жылдық мерейтойымен құттықтады. Президенттің құттықтау хатын премьер-министр Олжас Бектенов оқып берді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Президент құттықтау хатында: «Халқымыз өзіңізді әйгілі ғарышкер, көрнекті қоғам қайраткері, отансүйгіш азамат ретінде айрықша қадірлейді. Сіздің еңбек жолыңыз жарқын белестерден тұрады. Біраз жыл кәсіби ұшқыш болып, жаңа әскери ұшақтарды сынақтан өткізіп, ерен ерліктің үлгісін көрсете білдіңіз. Сіз зеңгір көкке көтерілген қазақтың тұңғыш ғарышкері атандыңыз. Еліміздің әлем алдындағы мәртебесін арттыруға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, ұлттық аэроғарыш, қорғаныс өнеркәсібі салаларының дамытуына қосқан үлесіңіз өте мол. Парламент Мәжілісінің депутаты болған кезіңде терең біліміңіз бен өмірлік тәжірибеңізді отандық заңнаманы жетілдіру ісіне арнадыңыз. Алдағы кезеңде еселі еңбегіңіздің жемісін көріп, ел-жұрттың сый-құрметіне бөлене беруіңізге тілектестігімді білдіремін. Сізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға бақ-береке тілеймін», — делінген.
