Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Жоғарғы сот төрағаларымен кездесті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Президент ұйымға мүше мемлекеттердің сот және құқық қорғау саласындағы ықпалдастығы күшейіп келе жатқанын айтты. Ол: «Осы бағытта біз де күш-жігер біріктіріп, жұмыла әрекет етуіміз керек. Ертең Түркістан төрінде өтетін алқалы жиын соның айқын көрінісі болмақ. Әрбір өркениетті елдің өсіп-өркендеуі үшін сот жүйесінің маңызы зор. Сондықтан жоғарғы соттар арасындағы өзара тығыз байланысты тереңдету бауырлас елдеріміздің ортақ мүддесіне толық сай келеді», – деді.

Мемлекет басшысы қазір көптеген елдер жаһандық технологиялық өзгерістер көшінен қалып қоймау үшін заман талабына қарай қарқынды даму жолына түсіп жатқанына назар аударды. «Осы бағытта біз де күш-жігер біріктіріп, жұмыла әрекет етуіміз керек. Ертең Түркістанда өтетін конференцияда сот саласын цифрландыру мәселесі жан-жақты талқыға түседі. Сондай-ақ инвесторлардың құқықтарын қорғау және басқа да маңызды мәселелер қаралады. Мұндай күн тәртібі өте орынды және өзекті деп айтуға болады», – деді мемлекет басшысы.