Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуді ұсынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын дамыту тұжырымдамасы 2007 жылы бекітіліп, алты жыл бұрын жаңартылған болатын. Тоқаевтың айтуынша, одан кейін қабылданған бағдарламалар мен құжаттар көбіне белгілі бір салаға қатысты болды, сондықтан олар бір-бірімен сәйкеспейді.

«Олардың бәрін біріктіріп, өзара байланысты біртұтас жүйе түзген жөн. Келешекте Достастықтың қандай болғанын қалаймыз? Еуразиядағы геосаяси архитектура жылдам өзгеріп жатқан кезеңде оның орны қандай болмақ? ТМД-ға мүше мемлекеттер осы сауалдардың нақты жауабын табуымыз қажет. Сондықтан Атқарушы комитетке елдеріміздің үкіметтерімен бірлесіп, ТМД-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуді ұсынамын», – деді Тоқаев ТМД басшылары кеңесінің отырысында.

Президенттің айтуынша, бұл – ортамерзімді перспектива. Алдымен аса маңызды басымдықтарға мән берген жөн.

«Олар: экономика, энергетика, инфрақұрылым, озық технологиялар және адам капиталы. Мұндай тәсіл орнықты прогреске жету жолындағы іс-әрекетіміздің үйлесімді әрі бірізді болуына септігін тигізеді», – деді Тоқаев.

Тоқаев тағы қандай бастамалар ұсынды?

Түрікменстанда өтіп жатқан ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар бастама көтерді. Атап айтқанда:

  • 01ТМД елдерінің 2027–2030 жылдарға арналған үздік индустриялық-технологиялық жобаларының тізімін жасау;
  • 02Жасанды интеллект стратегиясы, заңнама және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша тәжірибе алмасудың тұрақты тетігін қалыптастыру;
  • 032027 жылы Астанада ТМД елдерінің жасанды интеллект саласындағы мамандарына арналған арнайы форум өткізу;
  • 04«ТМД кітапханасының алтын қорын» құру;
  • 05Еуразиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық тұжырымдамасын жетілдіру.