Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий экология саммитінде сөйлеген сөзінде Каспийдегі биоалуантүрлілікті сақтау үшін қосымша шараларды қолға алудың маңызына тоқталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оның пікірінше, теңіздің тартылуы, табиғи өмір сүру ортасының өзгеруі, ластану және антропогендік жүктеменің артуы уылдырық шашатын орындарды қалпына келтіру, сондай-ақ өзен аңғарларындағы экожүйені, флора мен фаунаның ерекше осал түрлерін қорғау жұмыстарын күшейтуді талап етеді.

«Солтүстік Арал тәжірибесі инженерлік шаралар мен табиғатқа бағдарланған ғылыми тәсілдерді ұштастыру су шаруашылығына қатысты және экологиялық міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік беретінін көрсетті. Сонымен қатар жағалаудағы аумақтарды сақтап, климаттық өзгерістердің салдарын жеңілдетуге болатынын дәлелдеді. Заңсыз балық аулауға және биологиялық ресурстардың көлеңкелі айналымымен күреске баса мән беру қажет», – деді президент.

Ол бұл мәселені ұжымдық күш-жігер арқылы ғана шешуге болатынын және осы орайда цифрлық мониторинг құралдарын қолданғану дұрыс болатынын айтты.

«Қазақстан осы ортақ жұмысқа Каспий итбалығы мен оның тіршілік ету ортасын сақтау мақсатында құрылған мемлекеттік табиғи резерват әлеуетін жұмылдыруға әзір. Итбалықтардың тіршілік циклі үшін өте маңызды аймақтарда антропогендік әсерді барынша азайту мақсатында экологиялық дәліздерді сақтау мәселесіне де баса мән берген жөн. Сайып келгенде, Каспийді итбалықсыз елестету мүмкін емес», – деді Тоқаев.

Президент Қазақстан Биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі халықаралық қор құру жұмысын қолға алғанын айтты.

«Оның мақсаты – табиғатты қорғау ісінде әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіру. Каспий теңізінің бірегей экожүйесі мен сирек кездесетін түрлерді қорғау қор қызметінің маңызды бағыттарының бірі болады. Қор жұмысына белсенді атсалысып, бірлескен нақты жобаларды іске асыруға шақырамын», – деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Каспий теңізі акваториясының тартылған аумағы 16 мың шаршы шақырымнан асқаны хабарланды.