Қасым-Жомарт Тоқаев Теміртаудағы қалпына келтірілген трамвай қозғалысы жүйесімен танысты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет басшысы трамваймен Республика даңғылынан "Инженер" аялдамасына дейін жүріп өтіп, атқарылған істің сапасын және жаңартылған көлік инфрақұрылымының пайдалануға толығымен әзір екенін көрді.
Қалада трамвайға арналған 30 шақырым шойын жол қалпына келтіріліп, ауыстырылды. Бұл трамвайдың кестеге сәйкес тұрақты жүруіне мүмкіндік берді.
Президент "Qarmet" АҚ басшылығымен әңгімелесу барысында металлургтер қаласындағы трамвай қатынасын қалпына келтірудің маңызын айтты.
"Теміртау үшін трамвай – заманаларды байланыстыратын дәнекер іспеттес. Тұрғындардың трамвай қатынасын қалпына келтіру туралы талабын орындағаныңыз дұрыс болыпты. Комбинатқа алғаш келгеніңізде Теміртау қаласын абаттандырумен міндетті түрде айналысу қажет деп айтқан едім. Әлі де атқарылатын жұмыс көп, дегенмен бастамасы жақсы", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Qarmet компаниясы трамвайды қала халқының игілігіне екі жыл бұрын берген болатын. Содан бері аталған қоғамдық көлік қатынасы 1 миллионнан аса жолаушыны тасымалдаған.
Рельсті көлікте жолаушыларға ыңғайлы болуы үшін электронды төлем жүйесі орнатылған, ал Qarmet кәсіпорнының жұмыскерлері мен ардагерлері тегін жүреді.
