Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елге жауапкершіліктен қашпайтын, батыл, белсенді әрі білімді басшылар, сондай-ақ нақты өзгеріс жасай алатын азаматтар қажет екенін мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Келер ұрпақ кейбір кемшілігімізге түсіністікпен қарайтын да шығар. Бірақ біз реформаларды аяғына дейін жеткізбей, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы тарихи мүмкіндікті мүлт жіберсек, олар бізді ешқашан кешірмейді», – деді Тоқаев Құрылтайдың бірінші сессиясында.

Мемлекет басшысы қазіргідей көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан заманда бейқам, жасық әрі жауапсыз болмау қажеттігін де ерекше атап өтті. «Әйтпесе ел тығырыққа тірелуі мүмкін. Елдің ертеңі әрбір депутаттың ынта-ықыласына, қажыр-қайратына және отаншылдығына байланысты», – деді президент.

Тоқаев Құрылтай депутаттарының түрлі салаларда табысқа жетіп, мол тәжірибе жинаған білікті мамандар екенін айтты. «Сіздер – түрлі қызметте табысқа жетіп, мол тәжірибе жинаған білікті мамансыздар. Өздеріңізді жауапты, жұртқа жанашыр, бастамашыл азамат ретінде танытып келесіздер. Енді осы тәжірибені ел игілігіне жаратып, Қазақстанды дамыту үшін табанды еңбек етесіздер деп сенемін», – деді президент.