Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон мен тәжік халқын Тәжікстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен құттықтады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет басшысы Тәжікстанның егемендік жылдарында мемлекеттік басқару, әлеуметтік-экономикалық даму, сондай-ақ әлемдік аренада ұлттық мүддені қорғау мен ілгерілету ісінде зор табысқа қол жеткізгенін атап өтті.
«Қазақстан халқы еліңіздің жетістіктеріне риясыз қуанады. Біз достық қарым-қатынас пен өзара қолдауды жоғары бағалаймыз. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-тәжік стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы бауырлас қос халықтың игілігі жолында нығая беретініне сенімдімін», – делінген жеделхатта.
Тоқаев Эмомали Рахмонға жауапты мемлекеттік қызметінде табыс, ал бауырлас тәжік халқына құт-береке тіледі.
