АСТАНА, 29 шілде – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен кездесу өткізді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесу барысында Тоқаев Рахмонға «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорт турнирінің ашылу салтанатына құрметті қонақ ретінде қатысқаны үшін алғыс білдірді. Президенттер қазақ-тәжік қатынастарының стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында дәйекті дамып келе жатқанын атап өтті.

Тараптар тұрақты саяси диалогтың, сондай-ақ екі елдің үкіметтері мен іскер топтары арасындағы белсенді байланыстардың маңыздылығын атап өтті. Сауда-экономикалық қарым-қатынастарды кеңейтуге, көлік-логистика және энергетика салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға, бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға баса назар аударылды.

Мемлекет басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, алдағы көпжақты форматтағы бірлескен іс-шаралардың кестесін талқылады.