Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының Щучинск қаласында өтіп жатқан «Айбын» XII халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысып, сөз сөйледі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекет басшысы бұл іс-шараның өскелең ұрпақтың рухын шыңдайтын, оларды отаншылдыққа тәрбиелейтін маңызды шара екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, патриот болу дегеніміз – мемлекеттің саясаты мен стратегиясын іс жүзінде қолдау, ел игілігіне үлес қосу, туған жердің тағдыры үшін жауапкершілік алу.

«Осы қасиетті борыштың қатарында Отан қорғау ерекше, киелі парыз саналады. Әскери қызмет – азаматтықтың белгісі әрі қастерлі конституциялық міндет», – деді Тоқаев.

Президент Қазақстан Қарулы күштерді дәйекті түрде жаңғыртуды қолға алғанын айтты. Армияға және әскери білім беру жүйесіне цифрлық технологиялар, жасанды интеллект пен даярлықтың озық стандарттары белсенді түрде енгізілуде. «Бұл – заман талабы», – деді ол.

Мемлекет басшысының пікірінше, қазіргі күрделі сын-қатерлерге төтеп беру үшін дайындық сақадай-сай болуы қажет. «Біз соғыс өрті тұтанып, әскери қақтығыстар ушыққан заманда өмір сүріп жатырмыз», – деп атап өтті Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына баса мән беретінін жеткізді. Ол жастардың бойында патриоттық рухты қалыптастыруға бағытталған «Айбын» жиыны сияқты шаралардың маңызын ерекше атады.