Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинді Қытай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл – Чуньцзе мерекесімен құттықтап, арнайы жеделхат жолдады, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
Ақорданың хабарлауынша, президент өз құттықтауында Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың қазіргі қарқынына жоғары баға берген.
«– Мызғымас достық пен тиімді ықпалдастыққа негізделген сан қырлы қарым-қатынасымыздың тың қарқынмен дамып келе жатқаны қуантады. Осы игі іске Сіздің қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймын. Қазіргідей құбылмалы кезеңде өзара қолдау көрсетіп, халықаралық деңгейде үйлесімді әрекет ете отырып, ортақ мүдделерімізді қорғаудың, елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызы зор. Бұл бағыттағы Сіздің берік ұстанымыңызды толық құптаймын, – деп жазылған жеделхатта.»
—
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасының жаһандық бастамаларына сәттілік тілеп, достас Қытай халқына бақ-береке мен толағай табыс тіледі.
Фото: Әлеуметтік желіден
