Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Rhenus Group басқарма төрағасы Тобиас Бартц көлік-логистика салаларындағы стратегиялық серіктестікті дамыту перспективасын, сондай-ақ бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жайын талқылады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ақорданың мәліметінше, мемлекет басшысы компанияның Қазақстандағы көлік байланысын нығайтуға ұзақ жылдан бері үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар еліміз құрлықтың негізгі логистикалық хабына айналуды мақсат етіп отырғанын айтты.

Транскаспий бағытына баса назар

Кездесуде Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға баса назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи үлгідегі порттары, терминалдары, теміржолдары мен цифрлық сервистері бар бәсекеге қабілетті логистикалық бағытты бірлесе қалыптастыруға шақырды.

Сондай-ақ Rhenus Group компаниялар тобының Ақтау портындағы мультимодальды хаб құрылысына қатысуын құптады.

Rhenus Group ниеті

Тобиас Бартц Қазақстанның негізгі көлік-логистика торабы ретінде әлеуеті зор екеніне тоқталып, компанияның бірлескен жобаларға атсалысуға ниетті екенін жеткізді. Тараптар өзара тиімді ынтымақтастық бағыттарын кеңейтуге әзірлігін растады.