Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай шет мемлекеттер басшылары мен халықаралық ұйымдар жетекшілерінен келген құттықтауларға ризашылығын білдірді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Республика күніне орай жолдаған риясыз құттықтаулары мен жылы лебіздері үшін барлық мемлекеттер және үкіметтер басшыларына, сондай-ақ ірі халықаралық ұйымдардың жетекшілеріне алғыс айтамын. Егемен елімізге арнаған ізгі тілектеріңізді халқымыз ризашылықпен қабылдады», – деп жазды мемлекет басшысы X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Еске салайық, 25 қазан – Республика күніне орай Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына шет мемлекеттер басшылары мен халықаралық ұйымдар жетекшілерінен құттықтаулар келіп түсті.

Олардың қатарында Ресей президенті Владимир Путин, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин, АҚШ президенті Дональд Трамп, Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев бар.

Сондай-ақ құттықтау лебіздерін Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Армения премьер-министрі Никол Пашинян, БАӘ президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян, Испания Королі VI Фелипе және тағы басқа мемлекеттер басшылары мен түрлі ұйым басшылары жолдады.