Астанада Қазақстан Халық кеңесінің алғашқы сессиясы ашылды. Онда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай мен Халық кеңесінің негізгі міндетін түсіндірді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Екі органның айырмашылығы

Президент екі конституциялық органның айырмашылығына арнайы тоқталды. Ол Халық кеңесі Құрылтайға балама мекеме емес екенін атап өтті.

«Мына нәрсені бірден түсініп алған жөн. Халық кеңесі – Құрылтайға балама мекеме емес. Кеңес мүшелері Құрылтайдың құзыретіне кіретін жұмыспен айналыспайды. Заң бойынша осындай әрекеттерге құқы жоқ. Тиісінше, Құрылтай депутаттарының да Халық кеңесінің жұмысына араласуға хақы жоқ», – деді Тоқаев.

Бірлескен жұмыс қажет

Президенттің айтуынша, екі институт та бір-бірін толықтырып, бірлесе қызмет етуі керек. Сондықтан Халық кеңесі мен Құрылтайдың комитеттері тығыз байланыста болып, үйлесімді түрде жұмыс істеуі қажет.

«Заң жобаларын әзірлеу барысында жұртшылықтың ой-пікірін, талап-тілегін толыққанды ескеру қажет. Құрылтай мен Халық кеңесі әрқашанда бірге болса, осындай мүмкіндік міндетті түрде пайда болады», – деп атап көрсетті мемлекет басшысы.