Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ қоғам қайраткерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Марапаттау рәсімінде көрнекті суретші, танымал өнер қайраткері Бәтима Зәуірбековаға «Отан» ордені, көрнекті әдебиеттанушы ғалым Тұрсын Жұртбайға I дәрежелі «Барыс» ордені, мемлекет қайраткері Александр Судьинге II дәрежелі «Барыс» ордені табысталды.
Белгілі актер, көрнекті театр режиссері Нұрқанат Жақыпбайға «Қазақстанның халық әртісі» атағы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Виктор Хильниченкоға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.
Президенттің құттықтау сөзі
Қасым-Жомарт Тоқаев марапат иелерін құттықтап, әрқайсысының ел үшін сіңірген еңбегіне жеке-жеке тоқталды.
Президент ұлттық мәдениетімізді дамыту жолында көп еңбек етіп, бейнелеу өнерінде қайталанбас қолтаңбасымен ерекшеленген Бәтима Зәуірбекова отандық гобелен өнері мектебінің негізін қалап, қазақ әйелдері арасынан шыққан осы саладағы тұңғыш кәсіби маман атанғанына назар аударды.
«Шығармашылығыңыз жоғары деңгейде мойындалып, Мемлекеттік сыйлықтың иегері болдыңыз. Халқымыздың тарихын, бітім-болмысын, ою-өрнегі мен салт-дәстүрін дәріптеуге баса мән бердіңіз. Сіздің туындыларыңыз Алматы және басқа да қалалардың әйгілі ғимараттарына көрік беріп тұр. Туындыларыңыз өз елімізбен қатар шет мемлекеттерде сақталуда», – деді мемлекет басшысы.
Тұрсын Жұртбайға арналған сөз
Қасым-Жомарт Тоқаев саналы ғұмырын ұлт руханиятын дамытуға арнап келе жатқан көрнекті ғалым, қарымды қаламгер Тұрсын Жұртбай төл тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын зерттеп, халықтың сана-сезімін жаңғыртуға елеулі үлес қосқанын айтты.
«Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын терең зерттеп, жан-жақты дәріптеуге зор еңбек сіңірдіңіз. Абай – ұлттың рухани темірқазығы, өскелең ұрпақтың айнымас бағдары. Шын мәнінде, ұлы ойшылды тану – қазақты тану деген сөз», – деді мемлекет басшысы.
Александр Судьинге алғыс
Президент мемлекетіміздің дамуына Тәуелсіздіктің елең-алаңынан бастап белсене атсалысып келе жатқан Александр Судьинге алғыс айтты.
«Вице-спикер және Сенат аппаратының басшысы ретінде қазақстандық парламентаризмнің дамуына қосқан үлесіңізді айрықша атап өткім келеді. Сіздің кәсіби еңбегіңіз жоғары бағаланып, Отанға адал қызмет етудің үлгісіне айналды», – деді Мемлекет басшысы.
