Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ-корей дөңгелек үстелінің ашылуында сөз сөйледі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Президент өткен жылы екіжақты тауар айналымы 3 миллиард доллардан асқанына назар аударды. Оның пікірінше, үкіметтер мен компаниялар күш-жігер біріктірсе, бұл көрсеткішті еселей түсуге болады.
Автомобиль өндірісіндегі рекорд
Тоқаев кореялық компаниялардың тәжірибесі Қазақстанның бәсекеге қабілетті әрі сенімді өндіріс алаңы екенін анық дәлелдегенін айтты. Былтыр елімізде 170 мыңға жуық автомобиль шығарылды. Оның басым бөлігі Hyundai және Kia компанияларына тиесілі. Елімізде аталған автобрендтердің жеңіл және жүк көліктері, автобустары құрастырылады.
Бұдан бөлек, Қазақстанда кореялық тұрмыстық техника өндірісі өркендеп келеді. Қазіргі кезде Samsung тұрмыстық техникалары жергілікті зауыттарда өндіріледі. Осылайша, кореялық компаниялар елімізге көптеп келе бастады, деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары
Президент құрылыс, қала дамуы және минералды ресурстарды ынтымақтастықтың тағы бір перспективті бағыты ретінде атады. Мемлекет басшысы ортақ күн тәртібіндегі көлік және логистика саласының өзектілігіне назар аударды.
Оның айтуынша, Азия мен Еуропа арасын жалғап жатқан Қазақстан заманауи әрі тиімді көлік-логистика желісін қалыптастыру арқылы осы географиялық артықшылықтың игілігін көруді көздейді.
Транскаспий бағыты және логистика
Тоқаев Транскаспий халықаралық көлік бағытының өткізу қабілетін, жылдамдығы мен сенімділігін арттыру үшін теміржол, автомобиль жолдарына, теңіз порттарына, терминалдар мен жалпы инфрақұрылымға қомақты қаржы құйылып жатқанын мәлімдеді. Ол Орта дәліздің дамуына Кореяның да үлес қосар кезі келді деп ойлайтынын жеткізді.
Президент Қазақстанның елімізде заманауи логистикалық орталықтарды, мультимодальді терминалдар, қойма кешендері мен жеткізу тізбегін басқаруға арналған цифрлық шешімдерді дамытып жатқан CJ Logistics және LX Pantos секілді кореялық логистика компаниялардың қадамын құптайтынын айтты.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект пен жаңа технологиялар саласындағы ынтымақтастық әлеуеті зор екенін айтты. Дөңгелек үстел аясында Президентке Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның инвестициялық жобалары таныстырылды.
