Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке қоғамдық ғимараттардың қабырғаларына граффити салатын адамдарға қатысты қатаң шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан қалаларында мұндай тәжірибеге толық тыйым салу қажет. Ол үшін заңнамалық және нормативтік сипаттағы шаралар қабылдауды ұсынды. Президент қоғамдық ғимараттарға граффити салуды вандализм мен қасақана бұзақылықтың көрінісі деп атады.

Бұған дейін «Курсив» Қасымбектің президентке Астананы абаттандыру туралы баяндама жасағанын жазған. Оның деректері бойынша, соңғы жылдары астанада шамамен 500 аула мен қоғамдық кеңістік ретке келтірілген, ал 2026 жылдың соңына дейін тағы 170-тен астамын абаттандыру жоспарлануда.