Қасым-Жомарт Тоқаев пен Яков Милатович кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен жалғасқан келіссөз барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық перспективасы талқыланды.
Мемлекет басшысы Черногорияны Қазақстанның Балқан түбегіндегі сенімді серіктестерінің бірі ретінде атады. Сонымен қатар ел басшылығының Еуропа Одағына мүше болуды көздеген сындарлы әрі дәйекті саясатына жоғары баға берді.
«Сіз реформаларды ілгерілетіп, Еуропа Одағы мүшелігіне үміткер саналатын Черногорияның позициясын нығайтуда маңызды рөл атқарып келесіз. Осы ұлттық стратегиялық мақсатқа жету жолында табыс тілейміз», – деді Тоқаев.
Президент Қазақстанның Черногориямен серіктестік қарым-қатынасты жандандыруға ниетті екендігін жеткізді. Айтуынша, Подгорицада Қазақстан Бас консулдығының ашылуы Астананың екіжақты байланыстарды барынша кеңейтуге бейіл екенін көрсетеді.
Мемлекет басшысы бизнес өкілдерінің бүгінгі кездесуі мен сауда палаталары арасында қол қойылатын Өзара түсіністік туралы меморандум іскерлік қатынастарды дамытуға септігін тигізетініне сенім білдірді.
