Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан-Қытай» инвестициялық форумында «Common History Destiny. Designed and Made in Both China And Kazakhstan» атты қазақ-қытай бағдарламасын іске қосуды ұсынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Өнеркәсіптегі бірлескен жобалар
Тоқаевтың айтуынша, бүгінде өнеркәсіп саласында жалпы құны 62 миллиард доллардан асатын 260 бірлескен ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.
«Қытайдың Jinyi Holding Group компаниясымен бірлесіп, Ақтөбе облысында ерекше индустриялық аймақ құрылуда. Аталған аймақ халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істейтін болады. Lihua, Fufeng, Dalian Hesheng Holdings компанияларының мақта-мата кластерін қалыптастыруға және жүгері мен бидайды терең өңдеуге арналған маңызды жобаларын ерекше атап өткім келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Толыққанды өндірістік экожүйе
Ол Қазақстан жекелеген инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы толыққанды өндірістік экожүйе қалыптастыруды көздеп отырғанын атап өтті.
«Бұл қадам Орталық Азия, Еуразиялық экономикалық одақ, Оңтүстік Кавказ және Еуропа елдерінің нарықтарына бірлесіп шығуға мүмкіндік береді. Designed and Made in Both China And Kazakhstan деп аталатын қазақ-қытай бағдарламасын іске қосуды ұсынамын. Үкімет қытайлық серіктестермен бірге келешегі зор жобалардың тізімін әзірлеп, оның бәрін жүзеге асыруға жедел кірісуі керек», – деді Тоқаев.
Тау-кен металлургиясы басым бағыт ретінде
Мемлекет басшысы тау-кен металлургиясы кешеніндегі ынтымақтастықты тағы бір басым бағыт ретінде атады. Оның айтуынша, Қазақстанда уран, мыс, алтын, көмір секілді аса маңызды минералдар мен сирек кездесетін металдардың мол қоры бар.
