Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қабылдады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Дәурен Қосанов қарулы күштердің жауынгерлік даярлығы, Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы іс-шаралар, ведомствоның автоматтандырылған басқару жүйелері мен цифрлық инфрақұрылымын дамыту туралы мәлімет берді.
Сонымен қатар әскери басқару органдары арасындағы байланысты қамтамасыз етуге және әскерлердің жауынгерлік әлеуетін күшейтуге бағытталған "Батыл тойтарыс – 2026" стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуларына әзірлік барысын баяндады.
"Голан жоталарындағы екінші ұлттық контингент миссиясының сәтті аяқталғанын және үшінші контингенттің ротациясы басталғанын, сондай-ақ қазақстандық әскери қызметшілердің бейбітшілік пен қауіпсіздікке қосқан үлесіне халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары баға берілгенін жеткізді", - деп жазылған хабарламада.
Әскерге шақыру науқаны, әскери қызметшілердің мәртебесін көтеру бойынша қолға алынған жұмыстар жөнінде де есеп беріліп, 21-27 маусым аралығында Бурабайда "Айбын – 2026" халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынын өткізуге дайындық мәселелеріне назар аударылды.
Мемлекет басшысы қарулы күштердің жауынгерлік даярлық жүйесін жетілдіруге, армияны цифрлық тұрғыдан трансформациялауға және елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталған бірқатар міндет жүктеді.
