Ақордада өткен кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік кеден ұйымының (ДКҰ) Бас хатшысы Иэн Сондерсті қабылдады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік кеден ұйымымен ынтымақтастық елдегі кеден заңнамасын жетілдіру және кедендік әкімшілендіру тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Президент Қазақстанның Еуразиядағы көлік қатынасын нығайтуға және жүк тасымалына қолайлы жағдай жасауға көп күш-жігер жұмсап жатқанын айтты. Сондай-ақ, ол «ақылды шекара» моделін дәйекті түрде дамытып келе жатқанын, кеден рәсімдерін оңтайландыру үшін цифрлық шешімдер кеңінен қолданылатынын жеткізді.
Иэн Сондерс өз кезегінде Дүниежүзілік кеден ұйымы мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас қарқынына жоғары баға беріп, еліміздің кедендік әкімшілендіру ісін жетілдіруде, заманауи цифрлық шешімдерді енгізуде және тиісті органдардың институционалдық құзыретін нығайтуда елеулі табысқа жеткенін атап өтті.
Тараптар 30 жылдан аса уақыт бойы табысты ілгерілеп келе жатқан өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бейіл екенін растады. Бұдан бөлек, әлемдік саудадағы сын-қатерлер мен үдерістер жайында пікір алмасып, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және Орталық Азия өңірінің көлік-логистика әлеуетін арттыру перспективасына айрықша назар аударды.
