Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда өтіп жатқан «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумына қатысуда. Іс-шара басталмас бұрын қатысушылар Манғыстау облысында трагедиялық жағдайда қаза тапқан әскери қызметшілердің құрметіне бір минут үнсіздік жариялады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Құрметті қонақтар, Манғыстаудағы кешегі трагедиялық оқиғаға байланысты қаза тапқан әскери қызметшілердің құрметіне бір минут үнсіздік жариялауды ұсынамын», — деді модератор.

Трагедия 24 қыркүйекте Каспий теңізінде Әскери-теңіз күштерінің оқу-жауынгерлік тапсырмаларын орындау кезінде болды. Кенеттен басталған дауыл мен желдің күрт екпінінен 17 әскери қызметші ашық теңізге ағызылып кетті. Соңғы деректер бойынша, 14 адам қаза тапты, үш сарбазды құтқару мүмкін болды.

Апат фактісі бойынша немқұрайлылық пен кеме жүргізу ережелерін бұзу баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды, ал тергеуді Бас прокуратура жеке бақылауына алды. Ведомство 30-нан астам әскери қызметшіні жауапқа тартып, күдікті лауазымды тұлғалардың шеңберін анықтады.

Сарбаздардың қаза болу себептері мен жағдайларын вице-премьер Қанат Бозымбаевтың басшылығымен арнайы үкіметтік комиссия анықтауда. Трагедияға байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Бұған дейін «Курсив» Каспий теңізінде тағы екі әскери қызметшінің денесі табылғанын жазған болатын.