Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Таниге әкесі, бұрынғы әмір, әмір-әке шейх Хамад бен Халифа Әл Танидің қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекет басшысы көрнекті мемлекет қайраткерінің қайтыс болғаны туралы хабарды терең қайғымен қабылдап, қайғының ауыртпалығын Қатар әмірімен, оның отбасымен және ел халқымен бөлісті.

«Шейх Хамад бен Халифа Әл Тани – Қатардың гүлденуі мен оның халқының бақытты болашағына берік іргетас қалаған, халықаралық тұрақтылықты нығайту ісіне шын жүректен қызмет еткен көрнекті қайраткер. Қазақстандықтар әкеңіз, шейх Хамад бен Халифаны дана басшы, халықаралық деңгейдегі беделді саясаткер және екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосқан тарихи тұлға ретінде әрқашан есінде сақтайды», – делінген жеделхатта.

Президент шейх Хамад бен Халифа Әл Танидің Қатардың дамуына, халықаралық тұрақтылықты нығайтуға және қазақстан-қатар қатынастарын кеңейтуге елеулі үлес қосқанын атап өтті.