Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Психологиялық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Психологиялық қызмет алғаш рет заңмен реттеледі. Жаңа заңның басты ерекшелігі – психолог мамандығына қойылатын талаптарды нақты белгілеуі.

Жаңа заңға сәйкес: - Енді арнайы жоғары білімі жоқ және мемлекеттік бірыңғай реестрге тіркелмеген адам өзін «психолог» деп атай алмайды; - «Психо-коуч», «психо-кеңесші» атауларын қолдануға да шектеу қойылады; - Енді кәсіби білімі жоқ адамдардың «психолог» сөзін жарнамалық мақсатта пайдалануына тыйым салынады; - Жаңа заң бойынша психологқа айтылған мәліметтер клиенттің жазбаша келісімінсіз жарияланбайды; - Сондай-ақ қабылдау кезінде адамның рұқсатынсыз бейне немесе аудио жазба жасауға тыйым салынады.

Құжат біліктілігі жоқ жалған мамандарға тосқауыл қойып, азаматтардың сапалы әрі қауіпсіз қызмет алуын қамтамасыз етеді.