Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ГФР президенті Франк-Вальтер Штайнмайер шағын құрамда келіссөз жүргізді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақорданың хабарламасына сәйкес, мемлекет басшысы Германияға сапармен келуге шақырып, қонақжайлық көрсеткені үшін Франк-Вальтер Штайнмайерге алғыс айтты.
"Қазақстан президенті Германия еліміздің Еуропадағы басты стратегиялық серіктесі саналатынына, ал екіжақты ынтымақтастық өзара сенімге, құрметке және ортақ мүддеге негізделгеніне назар аударды", — деп жазылған хабарламада.
Дипломатиялық қатынастардың 35 жылдығы
Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы дипломатиялық қатынас орнағанына 35 жыл толатынын еске салды. Осынау кезеңде екі ел серіктестіктің барлық бағытында елеулі табысқа қол жеткізді.
Германия тарапының бағасы
Президент Франк-Вальтер Штайнмайер Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана мен Берлин арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты кеңейтуге қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді. Ол Қазақстан президентінің бұл сапары екіжақты қарым-қатынасқа тың серпім беріп, мүлдем жаңа деңгейге шығаратынына сенім білдірді.
