Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен келіссөз жүргізді, деп хабарлады Ақорда. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Президент Қазақстан ұдайы Тәжікстанның ең ірі сауда серіктестерінің үштігіне еніп отырғанын айтты және барлық бағытта оң динамика көрсетіп келе жатқан қазақ-тәжік қарым-қатынасының даму деңгейін жоғары бағалады.

«Бизнес-форум, арнайы сауда миссияларының қорытындысы бойынша қол жеткізілген коммерциялық уағдаластықтар жоспарлы түрде іске асырылуда. Бұл ретте елдеріміздің жыл сайынғы тауар айналымы тұрақты түрде 1 миллиард доллардан асады. Осының есебінен Қазақстан ұдайы Тәжікстанның ең ірі сауда серіктестерінің үштігіне еніп отыр», – деді мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстары да дәйекті түрде кеңеюде.

«Сондықтан өзара ынтымақтастықта қол жеткізген нәтижелер үшін мақтануға да, қуануға да толық негіз бар. Бүгін өте маңызды іс-шараға – Астана қаласында Тәжікстан елшілігінің жаңа ғимаратының ашылуына қатысамыз. Бұл бір ғимараттан ғана тұрмайды, оны кешен деуге болады. Мұның бәрі таңғалдырады әрі Тәжікстанның елімізде тұрақты түрде өкілдігі болатынын айғақтайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тәжікстан президенті екі елдің ынтымақтастығы барлық салада қарқынды ілгерілеп келе жатқанына тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан Тәжікстанның алдыңғы қатарлы сауда және экономикалық серіктестерінің санатына кіреді.

«Бүгінде Тәжікстанда Қазақстан капиталының қатысуымен 130-дан аса кәсіпорын тіркелген. Ал Қазақстанда тәжік тарапының 580-нен астам кәсіпорны жұмыс істейді. Олардың 500-і толығымен тәжік капиталының қатысуы арқылы еңбек етеді. Бұл – өте жақсы көрсеткіш», – деді Эмомали Рахмон.

Келіссөз барысында сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейту, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, өнеркәсіп және цифрландыру салаларындағы ықпалдастық мәселелеріне назар аударылды.