Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шарифке хат жолдады, деп хабарлады Ақорда. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Президент Пәкістан Ислам Республикасының премьер-министрі Шахбаз Шарифті АҚШ пен Иран арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумның қол қойылуына дәнекер болған дипломатиялық әрекетінің нәтижелі аяқталуымен құттықтады.
«Президент осы тарихи келісімге қол жеткізуге ықпал еткен Пәкістанның конструктивті рөлін жоғары бағалап, Шахбаз Шарифтің көреген көшбасшылығын және оның қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу қағидатын дәйекті түрде жақтайтынын айтты», - деп жазылған хабарламада.
Мемлекет басшысы аталған уағдаластық Таяу Шығыста және тұтас әлемде ұзақмерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша мәнге ие екеніне назар аударды.
«Сондай-ақ президент Исламабад өңірлік қауіпсіздік пен мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтуға елеулі үлес қосуын жалғастыра беретініне үміт артатынын жеткізді», - деді Ақордада.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Пәкістанмен сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайын екенін растап, Премьер-министрдің жауапты қызметіне табыс тіледі.
