Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шарифке Пешавардағы мектеп шатырының құлауына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Акорданың мәліметінше, трагедия салдарынан 34 бала және бір мұғалім қаза тапқан.
«Мемлекет басшысы Пәкістан халқымен ынтымақтастығын білдіріп, барлық зардап шеккендерге тез арада сауығып кетулерін тіледі», — делінген хабарламада.
Жекеменшік Al-Khair мектебінің шатыры 15 қазан күні таңертең, балалар сабақта отырған кезде құлаған. Associated Press деректері бойынша, кемінде 35 адам қаза тауып, 50-ден астам адам жарақат алған. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің көпшілігі 6 мен 12 жас аралығындағы балалар болған. Құтқару операциясына 100-ге жуық төтенше қызмет қызметкері қатысып, оларға ата-аналар көмектескен.
Reuters агенттігінің деректеріне сәйкес, 16 қазанға қарай жарақат алған балалардың көпшілігі алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін ауруханадан шығарылған. Үшеуінің жағдайы ауыр күйінде қалған.
Пешавар полициясының бастығының айтуынша, ғимараттың әлсіз құрылымдары шатырдағы құрылыс жұмыстарынан түскен қосымша салмаққа шыдамаған. Мектеп иесі ұсталған. Билік тергеу бастап, басқа да осындай мектеп ғимараттарын тексеру туралы жариялаған.
