Қасым-Жомарт Тоқаев Оман сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидты «Алтын қыран» орденімен марапаттады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оман сұлтаны Қазақстанға ғана емес, жалпы Орталық Азияға алғаш рет мемлекеттік сапармен келіп отыр.

«Сондықтан мұны елімізге көрсеткен ерекше сый-құрметіңіз, сондай-ақ қос тараптың сауда-саттық пен өзара мүддеге сай келетін барлық салада ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін білдіретін нышан деп білемін. Оман сияқты стратегиялық серіктесіміз болғанына қуанамыз. Біз де еліңіздің сенімді әріптесі болуға барынша күш саламыз», – деді Тоқаев.

Бүгінде Қазақстан Оманды серіктес қана емес, достас әрі бауырлас ел деп атай алады.

«Сіздер стратегиялық мақсат қою арқылы мемлекетті гүлдендіріп, дамудың даңғыл жолына түсіруге болатынын дәлелдедіңіздер. Оны адам капиталына инвестиция құю, инновацияларды игеру және келешекке бағдарланған экономика құру қадамдарынан байқауға болады. Oman Vision 2040 бағдарламасы ұлттық болмыс-бітімді, елдің құндылықтары мен дәстүрлерін сақтай отырып, әртараптандырылған, бәсекеге қабілетті және орнықты экономика қалыптастыру жолындағы стратегиялық бағдарыңыздың дұрыс екенін көрсетеді», – деді Қазақстан басшысы.

Тоқаев Оман сұлтанын көшелі көшбасшы, бейбітшілік сақшысы әрі парасатты тұлға деп атады.

Өз кезегінде Хайсам бен Тариқ Әл Саид Қасым-Жомарт Тоқаевты Оман Сұлтандығының ең жоғары мемлекеттік наградасы – Әл Саид орденімен марапаттады.

Қазақстан президенті мен Оман сұлтаны бірлескен мәлімдеме қабылдады.