Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёеваны қабылдады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Президент Мирзиёеваның сапары Астана мен Ташкенттің стратегиялық серіктестігін ілгерілету тұрғысынан ерекше мәнге ие екенін атап өтті.

«Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ортақ ынтымақтастықты дамыту үшін өте пайдалы болады деп санаймыз. Біздің саяси жүйелерімізде президент әкімшіліктері айрықша рөл атқарады. Мен әкімшіліктер арасындағы жұмыс қатынастарының жанданғанын әрдайым қолдаймын. Қазақстан да, Өзбекстан да тұтас көрсеткіштер бойынша ірі мемлекеттер саналады. Елдеріміз қазір дамудың бетбұрыс кезеңінде тұр. Бізге бейбітшілік пен қауіпсіздік қажет. Сонда ғана реформаларды сәтті іске асыра аламыз», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғанына тоқталды. Тоқаев Бұхараға жасаған жұмыс сапарын ерекше ризашылықпен еске алатынын айтты.

«Біз Өзбекстанның көптеген салада, соның ішінде жасанды интеллектіні енгізу мен цифрландыру бағытында қол жеткізген табыстарымен танысуға мүмкіндік алдық. Әлем жасанды интеллектіні қарқынды түрде дамытуға бет бұрды. Осы орайда біз де қазіргі заман ағымына ілесе білуіміз керек», – деді Тоқаев.

Саида Мирзиёева кездесуге мүмкіндік жасағаны президентке алғыс айтты.