Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысында өнеркәсіп секторын цифрлық трансформациялау мәселесін көтерді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет басшысы жасанды интеллект жаңа цифрлық дәуірде бәсекеге қабілеттілікті айқындайтын басты факторлардың біріне айналғанын атап өтті.
«Басты міндет – еңбек өнімділігін арттыру, технологиялық жаңғыруды жеделдету және қосылған құны жоғары өнім өндіруді кеңейту. Осы жұмыстарды атқаруда жасанды интеллект негізгі құралдардың бірі болуға тиіс», – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорындардағы цифрландыру жұмыстарының көбіне жекелеген операцияларды автоматтандырумен шектелетінін айтты. Оның пікірінше, өндіріс үдерістерін тұтастай қайта қарау қажет.
«Бізге жасанды интеллектіні пайдалана отырып, өндірістік үдерістерді кешенді түрде трансформациялау қажет. Қазіргі кезде көптеген кәсіпорында цифрландыру жұмыстары шашыраңқы жүргізіліп жатыр. Жекелеген операцияларды автоматтандырып, жаңа қызметтерді енгізгенімізге қарамастан, өндіріс моделі көп жағдайда өзгеріссіз қалады. Кәсіпорындар бүкіл өндіріс тізбегін қайта қарап, қай тұста ЖИ көмегімен тиімділікті барынша арттыруға болатынын айқындауы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, негізгі бизнес-үдерістері жасанды интеллект арқылы жан-жақты трансформацияға ұшырайтын кәсіпорындарды анықтауды тапсырды.
Сонымен қатар мемлекет басшысы өнеркәсіптегі жасанды интеллектіге қатысты өзекті міндеттерді айқындау және шешу үшін бірыңғай механизм құру қажеттігін айтты. Оның аясында команданы таңдаудан бастап, нәтижені сынақтан өткізу және экономикалық тиімділігін бағалау кезеңдері қамтылуға тиіс.
Тоқаев жасанды интеллектіні тиімді қолдану үшін сапалы өндірістік мәліметтердің маңызына да тоқталды. Оның айтуынша, кәсіпорындарда өндірістік деректердің мол қоры болғанымен, олардың сапасы әркелкі әрі шашыраңқы.
«Бізге бірыңғай сапа стандартына сай, өзара байланысты және қауіпсіз пайдалануға болатын салалық өндірістік мәліметтер қажет. Отандық зерттеушілер мен бағдарлама әзірлеушілер оған кедергісіз қол жеткізуге тиіс. Әрине, коммерциялық құпия, стратегиялық ақпарат пен аса маңызды мәліметтер сенімді түрде қорғалады», – деді президент.
Мемлекет басшысы үкіметке бизнес-қауымдастықпен бірлесіп, салалық өндірістік мәліметтер базасын қалыптастырудың ортақ тәсілдерін әзірлеуді тапсырды.
Сондай-ақ Тоқаев Қазақстанның жасанды интеллектіні дамытуға берік негіз қалағанын айтып, ендігі міндет осы әлеуетті экономикалық игілікке айналдыру екенін жеткізді.
«Жасанды интеллект ел индустриясын дамытатын құрал болуға тиіс. Аталған жұмысты стратегиялық мәні зор секторларда күшейте түсу керек», – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев кеңестің келесі отырысында көлік-логистика саласына жасанды интеллектіні енгізу мәселесін талқылауды ұсынды.
