Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында педагогтерді аттестациядан өткізу талаптарын оңтайландыру жөнінде тапсырма берді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Президенттің айтуынша, мұғалімдерге кәсіби қолдау көрсету үшін "Өрлеу" біліктілікті арттыру ұлттық орталығы құрылған. Алайда бүгінде бұл ұйымның жұмысы мардымсыз деуге болады.

"Маған ұстаздардан аттестация ережесін қайта қарау туралы көптеген өтініш келіп түсті. Мұғалімдер артық жүктеменің және қағазбастылықтың көп екенін айтып, шағымданып отыр. Осыған орай, мен педагогтерді аттестациядан өткізу талаптарын оңтайландыру, жетілдіру жөнінде нақты тапсырма бердім", - деді Тоқаев.

Оның айтуынша, мейлінше түсінікті әрі ашық жүйе керек. Тиісті министрлік бұл мәселемен айналысып, көп ұзамай нақты ұсыныстар беруге тиіс.

TALIS-2024 нәтижелері

"TALIS-2024 (The OECD Teaching and Learning International Survey) зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, Қазақстан мұғалімдердің беделін нығайту көрсеткіші жөнінен екінші орында тұр. Сондай-ақ ұстаздардың еңбекақыға қанағаттану өлшемі бойынша еліміз әлемдегі алғашқы бес мемлекеттің қатарына кіреді", - деп толықтырды мемлекет басшысы.

Атап айтқанда, ұстаздардың 95 пайызы өз жұмысына көңілі толатынын айтқан. Ал 80 пайызы осы мамандықты қайта таңдауға дайын екенін жеткізген.