Түрлі деңгейдегі мүгедектікті айқындаған кезде әлі де заңды белден басу фактілері кездеседі. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясындағы іс-шарада айтты, деп хабарлады Ақорда. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Президент мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінен ешқашан бас тартпайтынын атап өтті. "Өйткені бұл міндет Конституциямызда анық әрі тура жазылған. Ата заңның мәтінінде "Қазақстан Республикасының азаматтары заңда белгiленген медициналық көмекті ақы төлемей алуға құқылы" деген арнайы бап бар. Яғни мемлекет кепілдендірілген көлемде тегін медициналық көмек береді. Бір сәт Тик-Токтан бас көтеріп, мұндай міндеттеме тағы қандай елдің Конституциясында бар екенін қарап көріңіздер", - деді Тоқаев.
Оның айтуынша Қазақстанда ғана бюджеттен төленетін медициналық көмек мемлекеттің әр азаматына, тек өз халқынға ғана емес, шетелден келген әрбір қандасқа, тіпті тұруға рұқсаты бар шетелдік азаматтардың кейбір санатына да ұсынылады. "Басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздаса, сізге жай ғана аспирин бере салмайды, учаскелік дәрігер қабылдап, тексереді, диагноз қояды. Денсаулығыңызға қауіп төнген жағдайда жедел көмек көрсетіледі. Диабет, онкология, туберкулез және басқа да кең таралған сырқат түрлеріне ем-дом жасалады. Науқастарға дәрі-дәрмек тегін беріледі, жедел жәрдеммен, тіпті санитариялық авиациямен қамтамасыз етіледі", - деп толықтырды мемлекет басшысы.
Президент әлеуметтік салада, әсіресе, түрлі деңгейдегі мүгедектікті айқындаған кезде әлі де заңды белден басу фактілері кездесетінін жасырмады. "Біз кездері мүгедектігі бар жандар 800 мыңнан асып кетті, ал халық саны – 20 миллион. Бейбіт заманда бұған сену қиын", - дейді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ Қазақстанда ғана босанған әйел үш жылға декреттік демалысқа шыққанда қаржылық пакеті мен жеңілдік төлемдері, ең бастысы, жұмыс орны сақталатынын еске салды. Айтуынша, мемлекет жас аналарды, кем дегенде, бұрынғы жұмысына орналастыруға міндетті.
"Халықаралық рейтингтерде ұдайы көш бастайтын елдердің бірқатарында мұндай әлеуметтік жеңілдіктер жоқ, болуы да мүмкін емес. Ол жақта босанған аналар жарты айдан кейін қызметіне оралуға асығады, әйтпесе жұмысынан айрылады. Мемлекет кепілдік беретін тегін көмек жайында естімеген, ондай әлеуметтік қолдау шаралары бар дегенге сенбейді де. Халықаралық рейтингтерде 30, 40, 50-орындарда, тіпті, одан да төмен сатыда орналасамыз. Азаматтарға қандай қамқорлық көрсетіліп жатқанын ешкім білмейді", - деп түйіндеді президент.
