Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тапсырысты игеру мақсатында ғана құрылған ұйымдардың жұмысына тосқауыл қоюды тапсырды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Президентке бірқатар республикалық қоғамдық бірлестіктің тек қағаз жүзінде тіркелгені туралы ақпарат түскен.

Жалған құрылымдар сынға алынды

Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай ұйымдардың шын мәнінде айқайлап тұрған атауынан басқа ештеңесі жоқ, яғни жалған құрылымдар.

«Мұндай ұйымдар азаматтардың мүддесін қорғау үшін емес, басқа мақсатта, берігін айтқанда, мансапқорлық мақсатта құрылғаны анық. Кейбір жағдайда бұл алаяқтыққа дейін жетті. Сондықтан мұндай фактілер құқық қорғау органдарының назарына жолданады», – деді Тоқаев Халық кеңесінің бірінші сессиясында.

Оның айтуынша, тек мемлекеттік тапсырысты игеру үшін құрылған «қызмет көрсету» ұйымдарының жұмысына тосқауыл қою қажет.

Тіл мәселесіндегі арандатушылық

Айта кетейік, бүгін мемлекет басшысы әлеуметтік желілерде тіл мәселесіне қатысты арандатушылық сипаттағы пікір тарататындарды да сынға алды. Кейбір арандатушылар ұлтараздықты қоздырып, әдейі отқа май құяды – Тоқаев.