Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз конференциясының пленарлық отырысында тексерілмеген тарихи деректер мен оқиғалар сипатталатын оқу материалдарын қайта қарау жөнінде тапсырма берді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Жақында үкімет жұртшылыққа нәтижелі жұмыстың қорытындысын жариялады. Мектеп оқулықтарынан 700-ден астам өрескел қате табылған. Мұның бәрі орта білімнің сапасына нұқсан келтіреді десек, артық айтқандық емес», — деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, тексерілмеген тарихи деректер мен оқиғалар сипатталатын, балаларға жалған «қаһармандар» мен олардың «ерлігі» жөнінде әңгімелейтін аңыздар енген оқу материалдарын қайта қарау қажет. Ол жалған, ойдан құрастырылған мәліметтер тарату арқылы балаларды отаншылдыққа тәрбиелеу жақсылыққа апармайтынын, бұл халқымыздың ар-ұжданына қайшы екенін атап өтті.

«Ұдайы жапа шеккен ұлт кейпінен арылуымыз керек. Біздің кейбір қаламгерлеріміз «мұң» деген сөзді жақсы көреді: «жүрегімде мұң, көзімде мұң»! Мұң-қайғы жастық шаққа, жастарға жараспайды. Жастарымыз өз халқының тарихын дұрыс түсіне отырып, болашаққа үмітпен және сеніммен қарауға тиіс», — деп толықтырды президент.

Бұл — білім саласындағы маңызды мәселелерді шешуге бағытталған тапсырма. Енді оқулықтардың сапасын арттыру және тарихи деректердің дұрыстығын қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілмек.