Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты көңіл айтты, деп хабарлады Ақорда. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.
"Мемлекет басшысы Үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті шаралар қабылдауды және қайтыс болған жандардың отбасына көмек көрсетуді тапсырды", - деп жазылған хабарламада.
Еске сала кетейік, Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде төтенше жағдай болып, 9 адам көз жұмды.
Алдын ала мәлімет бойынша 24 қыркүйек күні ауа райының күрт нашарлауы және желдің күшеюі салдарынан Каспий теңізіндегі 19 әскери қызметшіні толқын алып кеткен.
Қазіргі уақытта оның 9-ы көз жұмғаны анықталды.
Үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.
Қалғандарын іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Премьер-министрінің өкімімен қайғылы жағдайдың себептерін тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.
