Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденконы қабылдады, деп хабарлайды президенттің баспасөз қызметі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесу барысында Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігін дамытуда өңіраралық ықпалдастықтың маңызды рөл атқаратыны айтылды.

Мемлекет басшысы Ленинград облысының өнеркәсіп және көлік-логистика салаларындағы айтарлықтай әлеуетіне тоқталып, Қазақстан аталған аймақпен тиімді ынтымақтастық аясын кеңейтуге дайын екенін растады.

Оның айтуынша, Ленинград облысымен сауда-экономикалық қарым-қатынастар қарқынды дамып келеді. Былтыр өзара тауар айналымы 400 миллион доллардан асқан.

Александр Дрозденко қонақжайлық танытқаны үшін мемлекет басшысына алғыс айтып, Ресей президенті Владимир Путиннің сәлемін жеткізді.

Губернатор Ұлы Отан соғысы жылдарында Ленинград үшін шайқасқан қазақстандықтардың батырлығы мен қаһармандығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар олардың ерлігі туралы естеліктер көздің қарашығындай сақталатынына назар аударды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Дрозденконы II дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады.